Мәскеу Еуропаға қатысты риторикасын тағы да қатаңдатты. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Ресейдің енді Еуропаны «құтқару» миссиясын өз мойнына алмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тарихи тұрғыда Ресей Еуропаны бір рет емес, бірнеше мәрте ауыр кезеңдерден алып шыққан, алайда бүгінгі таңда бұл жауапкершілік Еуропаның өзіне жүктелуі тиіс.
Захарова бұл пікірін Ұлттық «Ресей» орталығында өткен арнайы әскери операция ардагерлерін қолдауға арналған бүкілресейлік форумда айтты. Дипломат Германия азаматы әрі Бисмарк әулетінің ұрпағы саналатын бір журналистпен болған әңгімесін мысалға келтіріп, «Еуропаны тағы қашан құтқарасыздар?» деген сұраққа «Біз сіздерді бір рет құтқардық, ол 80 жыл бұрын еді» деп жауап бергенін жеткізді.
Ресей СІМ өкілінің айтуынша, сол тарихи кезеңде Ресей тек Еуропаны аман алып қана қоймай, өзі де орасан зор шығынға ұшыраған. «Біз өзімізден бір бөлікті жұлып алып, бердік», – деді Захарова, бұл сөздері арқылы Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны мен экономикалық зардабын меңзеді.
Бұл мәлімдеме соңғы айларда Батыс пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың күрт шиеленіскен тұсында айтылып отыр. Бұған дейін АҚШ кәсіпкері Илон Масктың әкесі Эррол Маск та Ресейдің ғасырлар бойы Еуропаны қорғап келгенін айтып, «орыс армиясы болмаса, бүгінде бүкіл Еуропа неміс тілінде сөйлер еді» деген пікір білдірген болатын.