Алматы халықаралық әуежайы УЕФА Чемпиондар лигасына қатысушы-ойыншыларын қарсы алды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін Еуропаның басты клубтық турнирі аясында Испанияның "Реал Мадрид" клубының ойыншылары Алматыға келді. Қонақтарға қазақтың қонақжайлығы мен ыстық лебіз, ықыласы көрсетілді.
“Футболшыларды УЕФА Чемпиондар лигасының әнұранын қазақтың дәстүрлі аспаптарында орындауы ерекше әсер етті. Бұл сәт спортқа деген сүйіспеншілік пен ерекше ұлттық үнді біріктірді”, – деп жазды әуежайдың баспасөз қызметі.
Ойыншыларды қазақстандық жанкүйерлер де қатты күтті. Олардың арасында көбі бала. Олар ұшақ қонғанға дейін әуежайдың алдында кумирлерін сарыла күткен.