Қытайда «Бави» тайфунының жақындауына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, елдің бірнеше өңірінен 2 миллионға жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Билік мәліметінше, шығыстағы Чжэцзян провинциясында 1,7 миллионнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілсе, Бейжіңде толассыз жауған нөсерге байланысты 100 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
Ең көп зардап шегуі мүмкін өңірлердің бірі – Вэньчжоу қаласы. Мұнда жүздеген мың тұрғын қауіпсіз орындарға орналастырылды. Жергілікті билік мұны «ең нашар сценарийге» дайындық ретінде түсіндірді. Сондай-ақ кәсіпкерлер дүкендердің металл жапқыштарын ағаш тіреулермен қосымша бекіткен.
Тайфунға байланысты Чжэцзян провинциясында мектептердегі сабақтар тоқтатылды. Бұдан бөлек, 400-ден астам әуе рейсі кейінге шегеріліп, көптеген пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Көршілес Фуцзянь провинциясында 130 мыңнан астам, ал Шанхайда 34 мыңға жуық адам эвакуацияланды.
Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасының хабарлауынша, Чжэцзян мен Фуцзянь провинцияларында алдағы күндері өте күшті жауын-шашын күтіледі. Айта кетейік, осы аптада елдің оңтүстік және орталық өңірлерінде болған қолайсыз ауа райы салдарынан ондаған адам қаза тапқан еді.