Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайда қамауда отырғанына он жылдан асты. Ол 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталып, жүгінен 4,5 келі амфетамин табылғаннан кейін есірткі тасымалдады деген айыппен сотталған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қытай соты қазақстандық студентке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Алайда қорғаушы тарап Ақжарқынның кінәсін мойындамайтынын, оның халықаралық есірткі тобының құрбаны болуы мүмкін екенін айтып келеді.
Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектептен кейін педагогикалық университетке түсіп, Алматыға көшкен. Ол кезде жас студент құрбысымен бірге тұрған. Құрбысы Қытайдан киім әкеліп сатумен айналысқандықтан, Ақжарқын да осы кәсіпке қызығушылық танытып, 2014 жылдың наурызында Қытайға алғаш рет барған.
Алғашында ол ата-анасымен байланыста болған. Алайда біраз уақыттан кейін хабарсыз кетіп, кейін оның Гуанчжоу әуежайында ұсталғаны белгілі болды.
Қорғаушылардың айтуынша, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна Ақжарқыннан Малайзияға әйелдер киімі салынған чемоданды жеткізіп беруді өтінген. Бірақ кедендік тексеріс кезінде сол жүктен есірткі табылған.
Ақжарқын өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол чемодан ішінде есірткі бар екенін білмегенін айтқан. Оның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов те қазақстандық студент алдануы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Бұл жылдар Ақжарқынның отбасы үшін де ауыр сынаққа айналды. Анасының айтуынша, қызын қорғау жұмыстары мен Қытайға қатынау үшін отбасы мүлкін сатуға мәжбүр болған.
Қамауда отырған жылдары Ақжарқын қытай тілін үйреніп, түрмеде йога және ағылшын тілі сабақтарын өткізгені де айтылған.
Қазақстан тарапы оны елге қайтару мәселесін бірнеше рет көтерді. Дипломаттар мен қорғаушылар экстрадиция бойынша жұмыс жүргізгенімен, Қытай өмір бойына сотталған азаматты беруден әзірге бас тартып келеді.
Дегенмен қорғаушылар жазаның түрі жеңілдетілсе, Ақжарқынды Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігі пайда болуы ықтимал екенін айтады. ҚР Сыртқы істер министрлігі 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын хабарлаған. Қазір іс Бас прокуратураның қарауында.
Сонымен қатар Қазақстан тарапы бұл іске қатысы болуы мүмкін Нигерия азаматын экстрадициялау мәселесін де көтеріп отыр.