«Жетісу» футболшыларының ұятсыз әрекеті жабайылық па?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қытай сарапшылары: "Қазақстан - Еуропаға ашылған стратегиялық қақпа"

Қытай сарапшылары: "Қазақстан - Еуропаға ашылған стратегиялық қақпа"
Фото: ашық дереккөздерден

Қытайдың All China Review іскерлік басылымы жақында Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшыға айналу себептерін талдаған мақала жариялаған болатын. 

Біз ол туралы жазған едік. Онда еліміздің әсіресе Қытай үшін инвестициялық тартымдылығы жағынан аймақтағы барлық елден айқын алда тұрғаны айтылған-ды.

Осы жерде отандық экономиканың тұрақтылығы жөнінде айтылған тұжырымға қайта тоқталғанды жөн көрдік. Өйткені, елдің ішкі қаржы жүйесі мен инвестициялық тартымдылығына берілген баға мен сенімді көзқарас тұтас мемлекеттің дамуына ықпал ететін фактор ретінде қабылданады. Әсіресе, Қытай сияқты әлемнің "екінші экономикасы" атанып отырған қуатты елдің сарапшылары берген баға үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейді.

Сонымен, Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың долларды құрайтынын тағы айтуымыз керек. Салыстырмалы түрде алғанда, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 3,8 мың доллар шамасында. Яғни, айырмашылық төрт есеге жуық екен. Екіншіден, Орталық Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 220,5 млрд доллар болса, соның 151,3 млрд доллары немесе 68,6 пайызы Қазақстанға тиесілі болып отыр. Тағы да Өзбекстанмен салыстырсақ, көрші елде бұл көрсеткіш 16,7 млрд доллармен шектеледі.

Бұл сипаттама елдегі ішкі қаржы жүйесінің бірқатар артықшылығын көрсетеді. Мысалы, кейінгі жылдары елдегі банк секторының активтері 140 млрд долларға жеткен. Бұл Өзбекстаннан екі есеге жуық, ал Тәжікстаннан 24 есе көп екен. Сондықтан да Қытай сарапшылары Қазақстанды халықаралық деңгейде мойындалған жалғыз өңірлік қаржы орталығы деп бағалайды.

Яғни, Қытай елі Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктес әрі Еуропаға шығатын басты құрлықтық дәліз ретінде қарастыратыны анық. Мәліметке қарағанда, Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Ал 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48 млрд доллардан асқан. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 млрд долларға жеткізу жоспарланған-мыс.

Сондай-ақ, Қытайдың Қазақстанға салған жинақталған инвестициясы 11,4 млрд долларды құрайды. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш әрі Қытайдың өңірге салған жалпы капиталының шамамен үштен біріне тең екен.

Қорыта айтқанда, All China Review басылымында жариялаған Қытай сарапшыларының тұжырымы "әлемнің екінші экономикасы" Қазақстанды құдайы көрші ғана емес, тұрақты экономикалық даму жолындағы әріптес әрі Еуропамен байланыстыратын стратегиялық әріптес ретінде мойындайтынын көрсетіп отыр. 

- Қазақстан – өңірдегі ең ірі нарық қана емес, Қытай үшін Орталық Азиядағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Көрші мемлекеттер де қарқынды дамып келеді. Алайда экономиканың ауқымы, әртараптандырылуы, қаржы жүйесінің тереңдігі және Қытайдың өңірге шығатын басты қақпасы ретіндегі орны Қазақстанды алдағы ұзақ жылдар бойы Орталық Азияның жетекші экономикалық орталығы ретінде сақтап қалады, - дейді сарапшылар.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.