All China Review халықаралық сараптамалық платформасында Қазақстанның өңірлік экономикадағы орнына арналған "Ауқымнан да маңызды: Қазақстанның Орталық Азиядағы бәсекелік артықшылықтарының негіздері" атты мақала жарияланды.
Материалда Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика екені нақты көрсеткіштермен негізделген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі 306 млрд АҚШ долларына жетіп, өңірдің жиынтық экономикасының 53,7 пайызын құрады. Яғни, Орталық Азияда өндірілетін экономикалық өнімнің жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Басылымның мәліметінше, Қазақстан экономикасының көлемі Өзбекстаннан екі еседен астам жоғары. 2025 жылы Өзбекстанның ЖІӨ 147,1 млрд доллар, Түрікменстанның – 77,4 млрд доллар, Қырғызстанның – 21,6 млрд доллар, ал Тәжікстанның – 17,5 млрд доллар болған.
Мақалада жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішіне де назар аударылған. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 15 мың долларды құраса, Түрікменстанда – 11,6 мың, Өзбекстанда – 3,8 мың, Қырғызстанда – 3 мың, Тәжікстанда – 1,7 мың доллар деңгейінде қалыптасқан. Бұл Қазақстан экономикасындағы еңбек өнімділігі мен қосылған құн көлемінің өңірдегі ең жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Сараптамада Қазақстан экономикасы тек шикізат секторына ғана сүйенбейтіні де айтылған. Қазіргі таңда жалпы қосылған құнның шамамен 20 пайызы сауда саласына, 13 пайызы өңдеу өнеркәсібіне, ал 11,9 пайызы тау-кен өндірісіне тиесілі. Сонымен қатар, цифрлық экономика, логистика, қаржы қызметтері мен инновациялық салаларды дамыту мемлекеттік экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде көрсетілген.
Басылым Қазақстанның қаржы секторындағы көшбасшылығына да тоқталған. 2026 жылдың басындағы дерек бойынша еліміздің банк жүйесінің активтері 140 млрд долларды, ал депозиттік базасы 96,4 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіштер бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы барлық елдерден алда келеді.
Шетелдік инвестиция тарту көрсеткіштері де жоғары бағаланған. UNCTAD ұйымының "World Investment Report - 2025" есебіне сәйкес, Қазақстанда жинақталған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 151,3 млрд долларды құрап, бұл Орталық Азиядағы барлық инвестицияның 68,6 пайызына тең.
Сондай-ақ, халықаралық рейтингтерде Қазақстанның өңірдегі жетекші орындары атап өтілген. Ел "Экономикалық күрделілік" индексінде 55-орында, ал "Экономикалық еркіндік" индексінде 68-орында тұр.
Мұнан бөлек, мақалада Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48 млрд долларға жеткен. Ал Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 85 пайыздан астамы өтеді. Бұл еліміздің Еуразиядағы маңызды транзиттік және логистикалық хабқа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, All China Review халықаралық сараптамалық платформасындағы мақала Қазақстанның өндіріс, қаржы, инвестиция және көлік-транзит салаларындағы артықшылықтары елдің Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшылық орнын алдағы жылдары да сақтап қалуына мүмкіндік береді деген қорытынды жасайды.