Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев журналист Асхат Ниязовпен әңгіме барысында қазіргі өмірі, Мәскеудегі жұмысы және Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Диалог кезінде журналист одан Қырғызстаннан шыққан тұлға ретінде қазір қайда тұрып, немен айналысып жүргенін сұрады. Асқар Ақаев бүгінде Мәскеуде тұратынын және Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жұмыс істейтінін жеткізді.
"Қазір Мәскеуде тұрамын. Михаил Васильевич Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жұмыс істеймін. Математика профессоры болып қызмет атқарамын. Білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын, аспиранттар мен докторанттарды дайындаймын, ғылыми еңбектер шығарамын", – деді ол.
Сондай-ақ Асқар Ақаев Ыстықкөлге соңғы 22 жылда алғаш рет келгенін айтты. Ал Қырғызстанға бұған дейін төрт жыл бұрын барғанын жеткізді. Журналистің "сізді еш қиындықсыз кіргізе ме?" деген сұрағына ол ешқандай мәселе жоқ екенін айтты.
"Иә, ешқандай проблемам жоқ. Қорықпаймын. Ешқандай күзетсіз жүрмін. Мұнда қызыммен келдім", – деді Қырғызстанның бұрынғы президенті.
Әңгіме барысында Асхат Ниязов Асқар Ақаевтан Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы да сұрады. Бұрынғы президент Қазақстанның Тұңғыш Президентіне құрметпен қарайтынын және онымен жақсы қарым-қатынаста екенін айтты.
"Ең жақсы қарым-қатынастамын. Мен бірге жұмыс істеген адамдардың бәрімен жақсы қатынастамын. Нұрсұлтан Назарбаевқа да 30 жыл бойы үлкен құрметпен қараймын", – деді Ақаев.
Журналист одан Назарбаевтың қазір қайда екенін және соңғы рет қашан көргенін сұрады. Асқар Ақаев бұл тақырыпта көп сөйлей алмайтынын айтқанымен, Назарбаевты жақында көргенін жеткізді.
"Соңғы рет жақында көрдім. Ол тірі, дені сау. Жағдайы өте жақсы", – деді Асқар Ақаев.