Қоғам

Қылмыстық топ құрып, алаяқтық жасаған: Алмасбек Садырбайдың ісі сотқа кетті

Қылмыстық топ құрып, алаяқтық жасаған: Алмасбек Садырбайдың ісі сотқа кетті
Фото: adyrna.kz

Қазақстандағы агросектордың айтыс-тартысқа толы кеңістігінде аты жиі аталатын тұлға – Алмасбек Садырбай. Қоғамдық бірлестік жетекшісі, «Шопан-ата» қозғалысының бастамашысы, ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін ашық көтеріп жүрген қайраткер. Дегенмен, дәл қазір ол саладағы бастамалары үшін емес, қылмыстық іс бойынша ел назарында тұр.

Алматы облысының прокуратурасы Садырбайға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын ресми түрде хабарлады. Оған «алаяқтық», «қаржыны заңсыз жымқыру» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» баптары бойынша айып тағылған. Тергеу материалдарында оның жанында жүрген тағы жеті адамның аты аталады. Олар – орындаушылар мен делдалдар, ресми дерекке сүйенсек, барлығы ұйымдасқан топпен байланыстырылған. Қазір іс материалдарымен танысу кезеңінде.

Бұл процестің ұзаққа созылғаны белгілі. Өткен жылы қараша айында ұсталған Садырбайдың қамауда отыру мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Тіпті қаңтарда «Гиперборей» арнасынан оның уақытша изолятордан жасаған бейнеүндеуі тарады. Онда ол: «Не үшін отырғанымды білмеймін. Сот әділ шешім шығарады деп сенемін. Тергеумен ынтымақтасуға дайынмын. Маған тек қорғануға мүмкіндік берсеңіздер жеткілікті», – деген еді.

Бұл іс саяси реңкі бар ма, әлде тек қана экономикалық даудың соңы ма деген сауал көпшілікті мазалап отыр. Өйткені Садырбай соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында өткір мәселелерді батыл көтеріп жүрген тұлға ретінде белгілі. Ол – қой шаруашылығы палатасын басқарған, кооперативтер қауымдастығын жетекшілік еткен, агросектордағы жүйелі түйткілдерді жиі жария еткен адам.

Енді тергеу нүктесін қойды. Кезек – сотта. Қоғам бұл процестен әділдік күтеді.

Ал Садырбайдың тағдыры мен аграрлық саладағы беделді есімінің келешегі сот шешіміне байланысты болмақ.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz