Атырау облысының Жангелдин ауылында бір әулеттің тағдырына балта шапқан қайғылы оқиға елді елең еткізді. Ерлі-зайыптының мәйіті табылып, жер қойнына тапсырылды. Ал олардың екі баласы әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалған. Құқық қорғау органдары қасақана кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіп, марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевті негізгі күдікті ретінде іздеуге жариялады, деп kznews.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға қалай басталды?
Бұл әулетте бес адам болған: ата-ана, екі қыз және бір ұл. Кіші қызы тұрмысқа шыққан, қалғандары бір үйде тұрған.
Алдымен 32 жастағы ұл – Наурыз Мұқанғалиев жоғалады. Жақындарының айтуынша, ол шамамен жарты жыл бұрын Ақтауға жұмыс іздеп кеткен. Кейін, қазан айында ата-анасы ғайып болған тұста, отбасының малы Наурыздың WhatsApp нөмірі арқылы сатылып, түскен қаражат әкесінің банк картасына аударылғаны белгілі болды.
Алғашында туыстары алаңдамаған. Себебі Наурызбен "байланыс бардай" әсер қалдырған хабарламалар келіп тұрған. Ол ата-анасының жоғалмағанын, тек емделу үшін ауылдан кеткенін жазған. Алайда кейін бұл хабарламаларды Наурыздың өзі емес, басқа біреу жолдағаны анықталды.
Ата-ананың өлімі және жасырылған із
2025 жылдың қазан айында 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Насипа Өтешқалиева жоғалады. Қаңтар айында олардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы сарайдан 1,5 метр тереңдікте көмілген күйде табылды. Қылмысты жасыру үшін үстіне диван қойылған.
Отбасының үлкен қызы – Мейрамгүл Қарабалина әлі табылған жоқ.
Ал кіші қызы, бес баланың анасы Ақбаян Мұқанғалиева 5 қараша күні үйден шығып кеткен. Ол – күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы. Қазіргі таңда оның да қайда екені белгісіз. Соңғы рет Индер ауданындағы жанармай құю бекетінің бейнебақылау камерасына түскен.
"Самурай" атанған күдікті кім?
Марқұмдардың туыстары Сұлтан Сәрсемәлиевті тұйық мінезді, көпшіл емес, діндар адам ретінде сипаттайды. Тұрақты жұмысы болмағанымен, үнемі ақшасы болғаны да күмән тудырады.
Оның ата-анасы ұлымен соңғы рет қараша айында сөйлескен. Сол уақыттан бері бес немересін өздері бағып отыр. Бір айдан астам уақыт бойы ұлы мен келінінен хабар болмауы оларды алаңдатпағаны да қоғамда сұрақ туғызды.
GetContact-тағы деректер не аңғартады?
Бұл істе ең көп талқыланған жайттардың бірі – GetContact қосымшасында шыққан мәліметтер. Аталған қосымша адамның телефон нөмірі өзге адамдардың құрылғыларында қалай сақталғанын көрсетеді.
Сұлтан Сәрсемәлиевтің нөміріне қатысты мынадай тегтер анықталған:
- Sultan Tengiz Sec – Атыраудағы "ТЕҢІЗ-SECURITY" күзет компаниясымен байланысы болуы мүмкін;
- Сұлтан Ербол Биогумус Кооператив – ауыл шаруашылығы, биогумус өндірісі саласына қатысы бар деген болжам;
- Слайд Шоу – медиа немесе бейне бағытында да айналысқанын меңзейді;
- Сұлтан Ахии – оның діни ортада белгілі болғанын жоққа шығармайды.
Ең қызығы – бірнеше телефонда оның аты Suleiman деп сақталған. Бұл оның өзін өзге есіммен таныстырғанын немесе әртүрлі ортада жүргенін көрсететіндей.
Ал GetContact-тағы тіркеу аты – "Мен Самураймын". Дәл осы лақап ат қазір қоғамда кең талқыланып отыр.