Өртенген көлік иесіне келтірілген материалдық шығынды алты жасар баланың ата-анасы өтейді
Семейде алты жасар бала сіріңкемен ойнап, салдарынан аулада тұрған жеңіл көлік өртеніп кетті, деп хабарлайды kznews.kz.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 15 шілде күні 352-орамдағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Кешкі сағат 18:05 шамасында шұғыл қызметтерге автокөліктің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өртті сөндірді.
«Аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында өрт шыққанға дейін көліктің маңында үш кішкентай баланың жүргені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, алты жасар бала сіріңкемен көліктің жанындағы қураған шөпті тұтатқан. Жалын лезде күшейген соң балалар қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл жайт кейін балалардың заңды өкілдерінен жауап алу кезінде де расталды», – деп хабарлады құзырлы орган өкілдері.
Полицияның хабарлауынша, өртенген көлік иесіне келтірілген материалдық шығынды алты жасар баланың ата-анасы өтейді.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, сіріңке мен өзге де өрт қаупі жоғары заттарды қолжетімді жерде сақтамауға және отпен ойнаудың қауіпті екенін үнемі түсіндіріп отыруға шақырды.