KZNews.kz
Қоғам

Қуандық Бишімбаевтың анасы 1 миллион долларға жуық қаржыны қалай жинағанын айтты

Ayzhan Sylanova

Астанада бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың өтініші бойынша іс қаралып жатыр. Ол сотта 990 мың долларды туысына сақтауға бергенін айтып, бұл қаражаттың қайдан келгенін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Сот отырысы кезінде прокурор Нұрлыбековадан аталған соманың шығу көзін нақтылауды сұрады. Жауап ретінде ол өз өмір жолын, адал кәсіпкерлік еңбегін және жылдар бойы жинаған қаражатының тарихын баяндап берді.

«Мен әрдайым өз еңбегіммен табыс табуға тырыстым. 1993 жылдан бастап бизнес саласындамын. 2000-жылдары көтерме саудамен айналыстым. Ол кезде азық-түлік тапшылығы болатын. Біз Мәскеуден кәмпит, апельсин, мандарин секілді тауарлар әкеліп саттық. Солай алғашқы капиталымды жинадым», – деді Нұрлыбекова.

Айтуынша, сол кездері тапқан алғашқы 200 мың доллардай қаражат оның жеке кәсібін бастауға негіз болған.

«Алғашында мектеп аштым, кейін SPA-салон, оқу орталықтары мен тіпті университет те іске қостым. 2006–2007 жылдары бизнесімді дамытуға шамамен бір миллион доллар инвестиция салдым», – деп атап өтті ол.

Химия ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлыбекова кәсіпкерлік қабілетін 2000-жылдардың басында дамытқанын айтады.

«Шымкентке көшкен соң білім беру ісімен айналыстым. Ауылдар мен аудандардан келген жастарды екінші мамандық алуға оқыттық — шаштараз, бухгалтер, компьютер маманы секілді бағыттарда курстар өткіздік. Кейін консалтингтік компания ашып, менеджмент, ISO сертификаттау бойынша тренингтер ұйымдастырдым», – деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, жинаған қаражаты ұзақ жылдар бойы адал еңбектің нәтижесі болған.

«Бұл ақша менің өмір бойғы еңбегімнің жемісі. Барлығын өзім таптым, ешқандай заңсыз жолмен келген қаражат емес», – деп түйіндеді Нұрлыбекова.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары