Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда қазақстандық медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Кодекске дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдататын жаңа 380-3-бап енгізіледі.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа бапта зорлық-зомбылық пен қорқыту ұғымдары нақты ажыратылған. Олардың әрқайсысы үшін жеке жауапкершілік көзделген.
Бұл ретте қорқыту үшін көзделген жаза айтарлықтай жеңілдетілді. Бастапқы ұсыныстармен салыстырғанда қоғамдық жұмыстардың көлемі 600 сағаттан 300 сағатқа дейін қысқартылды, айыппұл мөлшері азайтылды, ал бас бостандығын шектеу немесе айыру мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін төмендетілді.
Депутаттың айтуынша, күш қолданғаны үшін белгіленген жаза өзгеріссіз қалған.
"Біз білімі мен кәсіби дағдысынан басқа қаруы жоқ дәрігерді қорғауға міндеттіміз. Бұл заң жобасының мәні тек дәрігердің жеке басын қорғау емес, тұтас халықтың денсаулығын қорғау. Дәрігерге шабуыл тек ұрланған уақыт немесе ем емес, бұл адам өмірін ұрлау", -деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұзақының кесірінен хирургтің қолы сынса, 1000 операция жасалмай қалады. Ал жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылса, тұтас бір бригада шұғыл шақыртуға жете алмайды.
Заң жобасында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде күш қолданғаны үшін әртүрлі жауапкершілік шаралары көзделген.
Егер ұрып-соғу өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмесе немесе зорлық-зомбылық қаупі болса:
- айыппұл;
- не түзеу жұмыстары;
- не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Егер ауырлататын мән-жайлар болса (екі немесе одан да көп адамға шабуыл жасау, топпен, қайталап жасау, төтенше жағдай, жаппай тәртіпсіздік, төтенше немесе антитеррорлық операция режимі кезінде):
- 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
- немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Заң жобасының алғашқы нұсқасында ең төменгі жаза мынадай болған:
500–1000 АЕК (2025 жылы 1,9–3,9 млн теңге) мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Егер ұрып-соғу өмір мен денсаулыққа қауіпті болса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Ауырлататын мән-жайлар кезінде 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сонымен, адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға қатысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ауыр жағдайда жасалған болса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
Заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында барлық депутаттар бірдей қолдаған жоқ. Кейбірі ұсынылған жаза тым қатаң деп есептеді. Осыдан кейін бірқатар шара жеңілдетілді.
Заң Мәжілісте қабылданып, енді Сенатқа жолданды.