Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Мейірман Шекеев тележүргізуші және актриса Аша Матайға үндеу жасап, оны ашық дебатқа шақырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Аша Матайдың брифинг кезінде журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрған сәті түсірілген бейнежазба тараған еді. Видеода оның жанындағы адамдардың сыбырлап, жауап беруге бағыт-бағдар көрсетіп отырғаны байқалған. Осыдан кейін Аша Матай сайлау заңнамасында белгіленген талаптарға байланысты үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатын кезең басталғанын айтып, заң талаптарын сақтау үшін уақытша пікір білдірмейтінін мәлімдеген болатын.
Осы жағдайға қатысты пікір білдірген Мейірман Шекеев сайлауға түсіп, халықтың сеніміне ие болуды көздейтін әрбір кандидат қоғамның көкейіндегі сұрақтарға өз бетінше жауап бере алуы керек деп есептейтінін айтты.
«Мен Аша Матайды кемсіту немесе беделін түсіру үшін емес, депутат болуға үміткер ретінде заңгерлер мен қоғамды алаңдатқан мәселелерді қалай шешетінін білу мақсатында ашық пікірталасқа шақырамын. Қаласа, кешегі бейнежазбадағыдай қасында жүрген бес көмекшісін де ертіп келсін. Мен бетпе-бет пікір алмасуға дайынмын», – деді заңгер.
Оның пікірінше, заң шығарушы органда жұмыс істеуге ниетті азаматтар құқықтық мәселелер бойынша кәсіби деңгейде пікір айтып, өз ұстанымын нақты дәлелдей алуы тиіс.
Сондай-ақ Мейірман Шекеев елдегі өзекті мәселелерді шешуге және заңнаманы жетілдіруге атсалысатын саясаткерлердің құқықтық сауаты мен кәсіби дайындығы жоғары болуы қажет екенін атап өтті.