Қытайдың Шанхай қаласында өткен Азиядағы ең ірі Mobile World Congress технологиялық көрмесінде «Қазақтелеком» компаниясы әлемдік байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін екі бірдей беделді халықаралық марапатты қанжығасына байлады, деп хабарлайды kznews.kz.
Жасанды интеллект пен мобильді байланыс саласындағы озық шешімдер таныстырылған бұл жиында жетекші корпорациялар қазақстандық оператордың трансконтиненталдық инфрақұрылымды дамытудағы еңбегін жоғары бағалады. Нақтырақ айтқанда China Unicom Global компаниясы отандық байланыс операторын жаһандық байланыс саласындағы жылдың үздік серіктесі деп тапса, ал China Telecom оған байланыс операторлары арасындағы үздік инновациялық серіктес атағын табыстады. Сарапшылардың сөзіне қарағанда қытайлық нарық көшбасшыларының мұндай шешімі Қазақстанның жаһандық деректер транзитіндегі стратегиялық рөлінің артып келе жатқанын айқын аңғартады.
«Бірден екі халықаралық марапатқа ие болу – серіктестеріміздің жоғары сенімінің көрсеткіші әрі Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды цифрлық көпірге айналып келе жатқанын дәлелдейді. Біз телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыта отырып, әлемнің жетекші операторларымен ынтымақтастықты кеңейту мен Еуразия кеңістігінің байланыстылығын арттыруға бағытталған жобаларды іске асырамыз», – деді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес дивизионы халықаралық келісімдер департаментінің директоры Айнұр Байбатырова.
Ресми марапаттау рәсімінен бөлек қазақстандық делегация әлемдік байланыс нарығының ірі ойыншылары саналатын China Mobile International, China Telecom Global, China Unicom Global, швециялық Arelion Sweden, сондай-ақ Билайн және Ростелеком компанияларымен арнайы жабық келіссөздер жүргізді. Бұл кездесулер барысында Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік бағыттарды кеңейту, деректерді өңдеу орталықтарының желісін дамыту және интернет-трафик алмасуды оңтайландыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тараптар байланыс желісіне жасанды интеллект технологияларын енгізіп, процестерді автоматтандыру мен жаңа цифрлық сервистерді іске қосу бағытындағы бірлескен қадамдарын айқындады.