Елге жарнама түсіруге келген ресейлік блогер әрі режиссер Илья Лучкин әлеуметтік желіде үлкен сынға қалды.
Ол 7DAYS круассандарының жарнамасын түсіру барысында Қазақстан туралы бұрынғы түсінігі тек "Борат" фильміндегідей екенін айтқан. "Қазақстанға келгенше мұнда адамдар сиыр мініп жүреді деп ойладым, бірақ, елдеріңізде электрлі көліктер бар екен...» деп орайсыз әзілдеген көрінеді.
Алайда бұл "әзіл" қазақстандықтардың ашуын туғызды. Желі қолданушылары мұны ескірген стереотипті қайта жаңғырту және Қазақстанды менсінбеудің көрінісі деп бағалады. Көпшілік "Бораттың" ойдан шығарылған образ екенін әлем әлдеқашан түсінгенін, ал оны әлі күнге дейін күлкіге айналдыру кәсібилікке де, мәдениетке де жатпайтынын жазуда.
Дегенмен, бұл оқиға тағы бір өзекті мәселені күн тәртібіне шығарды. Қазақстанда жұмыс істеп, табыс тауып жүрген халықаралық брендтер неге жергілікті режиссерлер мен креатив мамандарға емес, шетелдік мамандарға басымдық береді? Желідегі пікірлерде бұл сұрақ жиі көтеріліп, отандық шығармашылық индустрияның мүмкіндігін бағалайтын уақыт әлдеқашан жеткені де айтылуда.
Айтпақшы, орыс блогерінің орайсыз келемежінен 7DAYS краусандар бренді жапа шеккенге ұқсайды. Әлеуметтік желілердегі қызу талқылаудан кейін адамдар аталған сауда маркасының өнімдеріне бойкот жариялауға шақырған. Тұтынушылардың жаппай сынынан кейін 7DAYS сауда бренді Қазақстан азаматтарынан ресми кешірім сұрап, ресейлік режиссер Илья Лучкинмен арадағы келісімді үзгенін жариялады.