Қазақстанның басым бөлігінде бүгін аптап ыстық сақталады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің үш өңірінде ауа температурасы +42 градусқа дейін жетеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ең жоғары температура Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында күтіледі. Бұл өңірлерде күндіз ауа +42 градусқа дейін ысиды.
Елордада да күн ерекше ыстық болады. Астанада термометр бағаны +37 градусқа дейін көтеріледі.
Еліміздің қалған өңірлерінің көпшілігінде ауа температурасы кемінде +33 градусты көрсетеді.
Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық мезгілі – сағат 12:00 мен 17:00 аралығында мүмкіндігінше сыртқа шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ ағзаны сусыздандырмау үшін көбірек су ішіп, балалар мен үй жануарларын жабық көліктің ішінде қалдырмау қажеттігін ескертеді.