KZNews.kz
Білім

Қазақстанның екі облысында оқушылар қашықтықтан білім алуда

Ayzhan Sylanova
Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында мектеп оқушылары арасында ЖРВИ көрсеткіші күрт өсіп, бірқатар сыныптар уақытша онлайн оқуға ауыстырылды, деп хабарлайды kznews.kz.

ШҚО білім басқармасының дерегінше, қазір 23 мектептің 169 сыныбында 3 015 оқушы қашықтан білім алып жатыр. Сабаққа денсаулығына байланысты 30%-дан астам оқушы қатыспаған сыныптар онлайн форматқа ауыстырылған. Бұл талап Өскемендегі 18 мектепке, Күршім ауданындағы 3 мектепке және Ұлан ауданындағы 2 мектепке қатысты. Ведомство өкілдері онлайн оқытудың талапқа сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Абай облысында да эпиджағдайға байланысты аймақтық штаб бірқатар сыныпты қашықтан оқуға жіберген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековтың айтуынша, оқу жылы басталғалы 5 558 оқушы ЖРВИ жұқтырған, бұл өңірдегі барлық вирус жұқтыру жағдайының 17,2%-ына тең. Сонымен қатар 25 тұмау жағдайы тіркелген.

Штаб мәлімдемесінде:

“Бір сыныпта оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ-мен ауырған кезде жалпы білім беретін ұйымдарда аралас форматқа көшіру шарасы қолданылады”, – делінген.

Алайда Абай облысында нақты қанша сынып онлайн оқуға ауысқаны әзірге жарияланған жоқ.

Дәрігерлер ата-аналарға қызуы бар немесе толық жазылмаған балаларды мектепке жібермеуді, сондай-ақ қоғамдық көлікте және адам көп жиналатын орындарда бетперде тағып жүруді ұсынады.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары