KZNews.kz
Білім

Қазақстандықтардың шетелде кәсібі бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін Токио конвенциясы мақұлданды

Жарқын Омаров
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сенаттың жалпы отырысында «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия–Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды kznews.kz.

Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, 2011 жылғы 26 қарашада Токиода қол қойылған бұл Конвенция Азия–Тынық мұхиты өңірінде жоғары білімге қатысты біліктілікті өзара тану саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. ЮНЕСКО аясында әзірленген құжат дипломдар мен академиялық дәрежелерді тану рәсімдерін жеңілдетуді, бағалау үдерісінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңір елдері арасындағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуді көздейді. Қазіргі таңда Токио конвенциясына Ауғанстан, Армения, Аустралия, Қытай, Фиджи, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркияны қоса алғанда 12 мемлекет мүше.

Заң нормаларына сәйкес, Конвенцияны ратификациялау жоғары білімге қатысты біліктілікті тану жөніндегі ұлттық ақпараттық орталықтардың аймақтық желісіне — APNNIC-ке қосылуға мүмкіндік береді.

Бұл желі шеңберінде шетелдік дипломдардың түпнұсқалығын растау, жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ біліктілікті тану рәсімдеріне қажетті мәліметтер бойынша жедел ақпарат алмасу қарастырылған.

Депутаттың айтуынша, Конвенцияға қосылу қазақстандықтардың дипломдары мен біліктілігін Азия–Тынық мұхиты өңірі елдерінде тануға жол ашады, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдігін арттырады, ұлттық білім беру жүйесінің тартымдылығын күшейтеді және азаматтардың шетелде мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан Конвенцияны ратификациялау кезінде бейресми білім беру арқылы алынған біліктіліктер мен ішінара оқу курстарын тануға қатысты бірқатар баптарға ескертпе енгізеді. Токио конвенциясына қосылу Қазақстан мен жалпы Орталық Азиядағы білім беру саласын дамыту жолындағы маңызды қадам болып саналады. Заңды қабылдау қандай да бір теріс саяси, құқықтық немесе қаржылық-экономикалық салдарға әкелмейді.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары