«Таза парақ» бастамасы аясында қазақстандықтардың жалпы сомасы 9,3 млрд теңгені құрайтын айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, бұл шара 19 мың шағын және микробизнес субъектісіне қатысты қолданылған.
"Таза парақ" бастамасы аясында 19 мың шағын және микробизнес субъектісінің жалпы сомасы 9,3 миллиард теңгені құрайтын өсімпұлы мен айыппұлы есептен шығарылды, – деді Ержан Біржанов.
Сондай-ақ ол есепті кезеңде «Халықтық бухгалтер» акциясы өткізілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде 61 мыңнан астам салық төлеушіге салық мәселелері бойынша кеңес берілген. Сонымен қатар, биылғы жылдың алғашқы алты айында бұған дейін тіркеуде болмаған 546 мыңға жуық жеке тұлға заңдастырылды.
Ержан Біржановтың айтуынша, соның нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде, бизнес субъектілерінің саны 2,9 миллионға жетті. Ал қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер саны 22,3 мыңға артып, жалпы 158,2 мыңды құрады.
Вице-министрдің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша салық түсімдері 8,3 триллион теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға орындалған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29 пайыздан астамға, яғни 1,9 триллион теңгеге көп.
2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжаттағы негізгі өзгерістердің бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілуі, сондай-ақ ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегінің төмендетілуі және бірқатар салықтық жеңілдіктердің қайта қаралуы болды. Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгерістер мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.