Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеевтің Лос-Анджелестегі үйінде өрт шықты. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Боксшының айтуынша, өрт күндізгі сағат төрт шамасында, отбасы ауызашарға баруға дайындалып жатқан кезде басталған.
"Үйден күйік иісін сездім. Үйдегілерден "Бірдеңе жанып жатқан жоқ па, тамақ күйіп кетпеді ме?" деп сұрадым. Олар бәрі дұрыс екенін айтты. Бір сәтте гаражды ашқанымда, үйдің жартысы отқа оранып тұрғанын көрдім, айналаны қап-қара түтін басып кеткен еді. Біз дереу отбасы мүшелерін сыртқа шығарып үлгердік", – деп келтіреді спортшының сөзін Sportarena порталы.
Өрт салдарынан ешкім зардап шекпеген. Қазір спортшының отбасы уақытша достарының үйіне орналасқан.
Айта кетейік, Мадияр Әшкеев кәсіпқой рингте 15 жекпе-жек өткізіп, оның 14-інде жеңіске жеткен, соның ішінде жеті рет қарсыласын нокаутпен жеңген. Ол жалғыз жеңілісін 2020 жылдың желтоқсанында Лос-Анджелестегі Wild Card Boxing кешенінде америкалық боксшы Чарльз Конуэллден алған.
Сонымен қатар Әшкеев әуесқой бокста да жетістіктерге жеткен. Ол 2014 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ «Astana Arlans» командасының құрамында Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) қола жүлдегері атанған.