Министрліктің мәліметінше, интернет желісінде шетелдік азаматтың кейпіне еніп, әйелдердің сеніміне кіретін алаяқтар көбейіп келеді. Олар көбінесе бойдақ ер азамат ретінде танысып, романтикалық қарым-қатынас орнатады да, артынан түрлі сылтаумен ақша сұрай бастайды.
«Желі қолданушылары өздерін шетелдіктерміз деп таныстырған алаяқтардың құрбанына айналып жатыр. Мұндай жалған онлайн махаббат көбіне жаралы жүрек пен бос әмиянға әкеледі», – делінген ІІМ ресми хабарламасында.
Полиция бұл алаяқтық әрекеттердің нақты сценариймен жүретінін айтады: алдымен танысу, жылы сөздер, сезім білдіру, үйленуге уәде беру, кейіннен қиын жағдайға тап болғанын айтып ақша сұрау.
Мысалы, Астана қаласының тұрғыны интернет арқылы сөйлескен адамына сеніп, 9 миллион теңгесінен айырылған.
Алаяқтардың басты белгілері:
- тез арада ғашық болып, сезімін білдіреді;
- бейнеқоңыраудан немесе кездесуден бас тартады;
- аяныш тудыратын оқиғаларды айтып, сенімге кіреді;
- түрлі сылтаумен ақша немесе бағалы заттар сұрайды.
ІІМ азаматтарға бейтаныс адамдарға сене бермеуге, күмәнді шоттарға ақша аудармауға және кез келген ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді.