KZNews.kz
Қоғам

Қазақстандағы мобильді аударымдар: нені білу керек?

Азамат Қойшығара
Банк ЦентрКредит

Қазақстандағы ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – мобильді аударымдар мен салықтық әкімшілендірілуі. Бұл мәселе түрлі форумдарда белсенді талқылануда.

Терминді түсіндірсек...

Қазақстанда мобильді аударым деп жеке тұлғаның шотынан басқа бір жеке тұлғаның шотына қолма-қол ақшасыз қаражат аударуды айтады.

Бастапқыда мұндай қаражат аударымдары тек жеке мақсаттарға арналған еді. Ересек балалар ата-анасына көмектеседі, достар мейрамханада төленген шот үшін қарызын қайтарады, әжелер мен аталар мерекеде немерелеріне теңге жібереді.

Алайда іс жүзінде мобильді аударымдар кәсіпкерлік мақсатта да жиі қолданыла бастады. Олар POS-терминалдар арқылы картамен төлеудің баламасына айналды.

Тағы бір терминді түсіндірейік — мобильді төлемдер. Екі ұғымның негізгі айырмашылығы – ақшаның соңғы алушысы. Аударымдарда ол жеке тұлғаның шоты, ал төлемдерде – кәсіпкерлік қызметке арналған шот (ЖК шоты).

Логикалық қорытынды: мобильді төлем ретінде түскен ақшаны алушы декларацияда көрсетуге және салық төлеуге міндетті.

Ал мобильді аударымдар еш жерде көрсетілмейді, сондықтан оларға салықтық әкімшілендіру жүрмейді. Олар салық салынбайды.

Мемлекеттік саясаттың мәні

Мемлекет мобильді аударымдарды жеке мақсаттағы және тауар не қызмет үшін төлем ретінде бөлуге тырысуда. Осыған байланысты салықтық әкімшілендіру құралдары кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Бұл процесс Қазақстанда 2023 жылы басталған.

Жыл сайын тексерілетін тұлғалар санаты анықталады. Екінші деңгейлі банктерге арнайы тізімдер жіберіледі. Сол бойынша қаржы ұйымдары белгілі бір критерийге сай келетін азаматтарды іріктейді.

 

Қарапайым тілмен айтқанда: егер қаржы институттары адамның шотын бизнес үшін пайдаланып жатқанын байқаса, оны бақылау тізіміне қосады.

Кімдер тексерілуі мүмкін?

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңартылған ережелері күшіне енді.

Заңды тұлғалар тек мына шарттар орындалса ғана тексеріледі:

үш ай қатарынан әр айда 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе;

жалпы сома 1 млн теңгеден ассе.

Мұндай тізімді банктер Мемлекеттік кірістер органдарына береді.

Бақылаудың негізгі кезеңдері

Мобильді аударымдарды салықтық әкімшілендіру 4 кезеңнен тұрады.

2023 жылдан бастап банктер мемлекеттік қызметшілерді, оларға теңестірілген тұлғаларды және олардың жұбайларын тексере бастады. Деректер 2022 жыл бойынша қаралды.

Өткен жылдан бастап бұл тізімге мемлекеттік мекеме қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлері мен олардың жұбайлары қосылды. Олардың 2023 жылғы операциялары тексерілді.

Биыл бақылауға жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары енгізілді. Деректер 2024 жылдың қорытындысы бойынша алынбақ.

2026 жылдан бастап процесс финалдық кезеңге өтеді: барлық қалған азаматтар тексеріледі.

Бұл жаңалықтар Қазақстанда кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан жалпыға бірдей декларациялау жүйесімен де байланысты.

2021 жылы бұл процесс басталғанда декларация тапсыруға мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары міндеттелді. Бұл шамамен 600 мың адам еді.

2023 жылы оған квазимемлекеттік сектор өкілдері қосылды (шамамен 2,1 млн адам).

2024 жылы бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары кірді (тағы 2,3 млн адам).

2025 жылы барлық қалған азаматтарды (шамамен 8 млн) қосу жоспарланған еді, бірақ 2024 жылдың соңында бұл сан айтарлықтай қысқартылды. Енді тек белгілі санаттар ғана есеп береді, мысалы шетелде мүлкі барлар.

2025 жылғы өзгерістер

Биылғы жаңалықтар негізінен бизнеске — жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлға басшыларына қатысты болды. Билік өкілдері мұндағы басты мақсат ретінде көлеңкелі экономиканы азайтуды және заңсыз кәсіпкерлікке тосқауыл қоюды атады.

Тағы бір мақсат — тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Себебі тауар мен қызметті мобильді аударым арқылы төлегенде, кәсіпкерлер чек бермейді. Ал бұл жағдайда сатып алушы өз құқығын қорғай алмай қалады.

Тексеру критерийі өзгерген жоқ: егер азамат үш ай қатарынан ай сайын 100-ден көп әртүрлі адамнан 1 млн теңгеден асатын ақша алса, ол бақылауға ілігеді.

Егер тізімге енсеңіз...

Азаматтың деректері Мемлекеттік кірістер комитетіне түскен соң, ол камералдық бақылаудан өтеді. Оның мақсаты – адамның шығындары мен кірістерінің сәйкестігін анықтау.

Камералдық бақылаудың екі негізгі кезеңі бар:

декларацияның бар-жоғы тексеріледі;

табыстар мен мүліктің декларацияда көрсетілмеуі, табысты жасыру деректері анықталады.

Егер бұзушылық табылса, азаматқа хабарлама жіберіледі. Ол салық төлеушінің кабинетіне келеді және SMS арқылы да жеткізіледі. Азаматқа жағдайды түзетуге мүмкіндік беріледі. Мәселен, кәсіпкер ретінде тіркеліп, түскен қаражатты декларациялауы қажет.

Егер адам мұнымен келіспесе, өз ісінің кәсіпкерлікке қатысы жоқ екенін дәлелдеуі керек. Бұл, мысалы, бірнеше ай бойы ем-домға қаражат жинағандарға қатысты болуы мүмкін. Олар да бақылауға ілігуі ықтимал, бірақ кейін түсініктеме беріп, нақтылауы тиіс.

Бақылау қорытындысы бойынша бұзушылықты түзетпегендерге толыққанды салықтық тексеріс жүргізіледі.

Аударымдарға тыйым салынбайды

Мемлекет мобильді аударымдарға тыйым салуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл тәсіл жеке мақсаттар үшін сақталады.

Мысалы, ата-аналар комитетінің төрайымы сынып қажеттілігіне ақша жинауды немесе ЖШС иесінің күйеуі жеке картаға ақша аударуды жалғастыра алады. Бұл жағдайда сұрақ туындамайды. Себебі критерий тек үш шарт орындалғанда ғана іске қосылады: ай сайын үш ай қатарынан 100 әртүрлі адамнан түсім болуы және оның жалпы сомасы 1 млн теңгеден асуы.

Айыппұлдар

Онлайн-аударымдарға қатысты қатаң шаралар әлеуметтік желілерде жиі талқылануда. Көпшілік кәсіпкерлер қолма-қол төлемге қайта оралады деген пікірде.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ретте еске салады: кәсіпкердің қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 40 АЕК (2025 жылы АЕК = 3 932 теңге), яғни 157 280 теңге.

Бизнесін тіркемей жұмыс істегендер үшін де айыппұл бар — 15-тен 100 АЕК-ке дейін (58 980–393 200 теңге).

Табысты жасыру фактілері анықталса, айыппұл мөлшері төленбеген салық сомасының 200%-ын, ал қайталанса — 300%-ын құрайды.

Чек бермеу де жауапкершілікке жатады: айыппұл — 15-тен 50 АЕК-ке дейін (58 980–196 600 теңге).

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары