Қазақстанда Telegram жұмысында ақау пайда болды, деп хабарлайды kznews.kz.
13 тамыз күні Қазақстанда Telegram мессенджерін пайдаланушылар оның жұмысына қатысты қиындыққа тап болды. Ақау жергілікті уақыт бойынша шамамен 11:25-те басталған.
Қолданушылардың айтуынша, Telegram-ға қосылу ұзақ уақытқа созылып, экранда «қосылу» белгісі тоқтаусыз айналып тұрған. Осыған байланысты арналардағы жаңа жазбалар да жаңармаған.
Мессенджердегі ақау туралы қазақстандықтар әлеуметтік желілерде де хабарлады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәселені бақылауға алғанын мәлімдеді.
«Telegram мессенджеріне кіре алмай жатқаны туралы жекелеген қолданушылардан өтініштер түсіп жатыр. Қазір техникалық мамандар ақаудың себебін анықтап жатыр», — деп хабарлады министрлік.
Алдын ала мәлімет бойынша, Telegram-дағы мәселе Қазақстандағы қолданушыларға ғана әсер еткен. Әлемнің басқа елдерінде мессенджердің жаппай істен шыққаны туралы ақпарат жоқ.
«Қазақтелеком» да өз желісінде техникалық ақау немесе апат болмағанын хабарлады. Компания инфрақұрылымының қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтқан. Дегенмен Telegram трафигінің күрт азайғаны Мәскеу мен Франкфурттегі халықаралық дерек алмасу нүктелерінде байқалған.
Айта кетейік, 2026 жылғы шілде айының соңында Ресей билігі Telegram негізін қалаушы Павел Дуровты экстремизм мен терроризмге қатысы бар адамдар тізіміне енгізген болатын.