KZNews.kz
Құқық

Қазақстанда тарихтағы ең ірі кокаин партиясы тәркіленді

KZNEWS
Фото: tengrinews.kz

Алматы қаласында республика тарихындағы ең ірі бір жолғы есірткі партиясы – 13 тонна 183 килограмм кокаин тәркіленді. Жүктің бағыты Қазақстан арқылы үшінші елдерге транзит ретінде жоспарланған.

Салыстыру үшін: 13 тонна 183 килограмм кокаин – бұл тоғыз седан автокөлігінің салмағына тең. Ал егер оны көліктердің жүксалғышына салса, бүкіл партияны тасымалдау үшін 25-тен астам көлік қажет болар еді.

ҰҚК тәркіленген есірткінің нақты құнын жариялаған жоқ. Дегенмен, Ішкі істер министрлігі 2025 жылғы наурыз айында 600 грамм кокаиннің құнын 100 миллион теңгеге бағалаған болатын. Осыдан есептегенде, Алматыда тәркіленген есірткі партиясының шамамен құны 2 триллион 197 миллиард 167 миллион теңгеден асады.

Халықаралық есірткі арнасын ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен екі шетел азаматы ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

ҰҚК мәліметінше, қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді.

Сонымен қатар, 5 қыркүйекте ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әльжанов интернеттегі сайттар мен Telegram-арналар арқылы есірткі сатып алушыларды деанонимизациялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, ІІМ байланыс операторларымен бірлесіп, анонимді нөмірлерді анықтау бойынша келісімдер жасасқан. «Мефедрон, марихуана және басқа да есірткі сатып алушылардың бәрі біздің бақылауымызда», – деді ол.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары