Қазақстанда шомылу маусымы басталғаннан бері 69 бала суға батып көз жұмған. Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомство мәліметінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған немесе арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелген.
ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов тұрғындарға тек рұқсат етілген және қауіпсіз жағажайларда шомылу қажеттігін ескертті.
"Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар. Оларға бейтаныс жерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер. Сондай-ақ аптап ыстықтан кейін суық суға бірден түсуге болмайды", – деді ол.
Министрлік рұқсат етілмеген жерлерде шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды.
Жыл басынан бері талапты бұзған 2700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылған.
"Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігінде", – деді Арман Саданов.