KZNews.kz
Саясат

Қазақстанда ресейлік белсенді ұсталды

Torgyn Abushakhman

Алматы әуежайында Ресейлік азаматша, құқық қорғаушылар белсенді деп атап жүрген Юлия Емельянова ұсталды, деп хабарлайды Kznews.kz порталы ВВС-ге сілтеп. 

Ол басқа елге транзитпен ұшып бара жатқан кезде паспорттық бақылауда тоқтатылған.

Қазақстандық шекарашылардың айтуынша, Емельянова Ресейдің сұрауы бойынша іздеуде болған. Оған РФ Қылмыстық кодексінің 158-бабына («Ұрлық») сәйкес айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2021 жылы Санкт-Петербургте таксистің телефонын ұрлады деген күдікке ілінген.

Алайда құқық қорғаушылар істің саяси астары бар екенін алға тартады. Қазақстандағы Халықаралық құқық қорғау бюросының заңгері Артур Алхастов BBC-ге берген сұхбатында жағдай туралы айтты.

«Ол басқа елге транзиттік рейспен ұшып келе жатқан. Алматыда әуежай ауыстыру үшін паспорттық бақылаудан өтуге тура келді. Дәл осы — үлкен қателік болды», — деп мәлімдеді ол.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Емельянова 2021 жылы Петербургтегі полиция бөлімшесіне күштеп жеткізіліп, дәл сол жерде таксистің телефонын «қылмыс айғағы» ретінде көрсеткен.

Белсендінің жақтастары оның ісі Ресейдегі азаматтық ұстанымы үшін қолдан жасалғанына сенімді. Емельянова Украинадағы соғыс басталғанға дейін Санкт-Петербургтегі Навальный штабының еріктісі болған.

Қазір 34 жастағы Юлия Емельянова Алматыдағы уақытша қамау изоляторында отыр. Оны Ресейге экстрадициялау мәселесі қаралуы мүмкін.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары