Қоғам

Қазақстанда цифрлық вице-министрлерді енгізу әзірге жоспарланып отырған жоқ

Жарқын Омаров Жарқын Омаров
Қазақстанда цифрлық вице-министрлерді енгізу әзірге жоспарланып отырған жоқ
Фото: dszn.ru

Қазақстанда қазіргі таңда цифрлық вице-министрлерді енгізу жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, қабылданатын шешімдер үшін саяси лауазымды тұлғаларға жауапкершіліктің жүктеледі, ал «электронды» шенеуніктерден жауапкершілік талап ету мүмкін емес.

«Біз, саяси лауазымды тұлғалар ретінде қабылдайтын шешімдеріміз үшін белгілі бір деңгейде жауап береміз. Сондықтан цифрлық вице-министрлердің пайда болуы қазіргі уақытта көзделіп отырған жоқ», - деп түсіндірді Коняшкин.

Сонымен қатар ол мемлекет жасанды интеллектіні шешім қабылдау барысында кеңесші әрі көмекші құрал ретінде қолдануды қолдайтынын атап өтті.

Ростислав Коняшкин ЖИ модельдерін оқыту тәсілі де маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллекттің тиімділігі модель тек тарихи деректермен ғана емес, адаммен тұрақты өзара әрекеттесу режимінде дұрыс және қате жауаптар бойынша кері байланыс алу арқылы жұмыс істегенде айтарлықтай артады.

«Егер ЖИ-модель 95–97 пайыз жағдайда дұрыс жауап беретін деңгейге жетсе, сол кезде оған шешім қабылдау функцияларының бір бөлігін беру туралы мәселені көтеруге болады. Қазіргі таңда бізде мұндай деңгей жоқ», - деді ол.

Бірінші вице-министр мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект, ең алдымен, адамды алмастыратын емес, көмекші құрал ретінде қолданылатынын айтты.

«Болашақта біз жеке AI-көмекшілерді өмірімізді шынымен де едәуір жеңілдететін деңгейге дейін оқыта аламыз деп үміттенемін», - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде жасанды интеллект көмегімен жасалған министр моделі Албания парламентінде алғаш рет таныстырылған болатын. Оны елдің премьер-министрі Эди Рама ұсынды.

Кейінірек бірінші ЖИ-министр Диелланың сөзінен соң Эди Рамаға бөтелкелер лақтырылды.

Албания парламенті үкімет бағдарламасын таныстыру және жаңа кабинетке сенім білдіру бойынша күтілгеннен әлдеқайда қысқа отырыс өткізді. Жиын шамамен 24 минутқа созылды.

Социалист депутаттардың 82-сі премьер-министр кабинетін қолдап дауыс бергеннен кейін, спикер Нико Пелеши отырысты бірден жапты. ЖИ негізіндегі жаңа виртуалды министр Диелланың пайда болуы оппозиция депутаттарының қатты наразылығын тудырып, олар үстелдерді ұрып, отырысты тоқтатуға тырысты.

Кейін әлеуметтік желілерде қақтығыстың жалғасын көрсететін видеолар тарады. Видеода депутаттар премьер-министр мен министрлерге бөтелкелер мен Конституция көшірмелерін лақтырған.

Бес минуттық үзіліс те жағдайды тыныштандыра алмады. Тіпті пікірталасты бақылау үшін құлаққап таққан шетелдік елшілердің қатысуы да залдағы қақтығысты тоқтатуға әсер етпеді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz