KZNews.kz
Қаржы

Қазақстанда 2026 жылы кімдердің мобильді аударымдары тексерілетіні белгілі болды

Жарқын Омаров
Фото: istockphoto.com

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалардың мобильді аударымдары қандай жағдайларда салықтық бақылауға ілігетінін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

"Егер жеке тұлға қатарынан үш ай бойы 100 түрлі адамнан ақша аударымын алса, яғни қаңтарда 100 адамнан, ақпанда және наурызда да солай болса, онда салық органдары адамды  тексереді. Егер осы үш айдың ішінде 100 түрлі тұлғадан аударым алып, сонымен қатар бұл аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса,  тек осы жағдайда ғана ол салықтық бақылауға алынады", - деді Біржанов.

Оның айтуынша, көрсетілген талаптардың бірі жеке өзі негіз бола алмайды, олардың барлығы бір мезгілде орындалуы тиіс.

Вице-министр екінші деңгейлі банктер мұндай ақпаратты фискалдық бақылау аясында ұсынатынын, бұл ретте шоттарды бұғаттау немесе жабу туралы сөз жоқ екенін айтты.

"Екінші деңгейлі банктер бұл деректерді фискалдық бақылау үшін береді. Біз жеке тұлғалардың шоттарын жаппаймыз. Мәліметтердегі сәйкессіздіктер бойынша хабарлама жібереміз, содан кейін оны жеке кәсіпкер ретінде бәрі тіркеу қажеттігін анықтаймыз. Мүмкін басқа жағдайлар да бар шығар, мысалы қайырымдылық секілді. Мұның бәрі ескеріледі. Шоттарды автоматты түрде жабу қарастырылмаған",- деді ол.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары