KZNews.kz
Қоғам

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап электр энергиясы қымбаттамақ

KZNEWS

Қазақстанда 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін. Оған Энергетика министрлігінің электр энергиясына шекті тарифтерді бекітуі себеп болды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.


Қазақстанның 36 энергия өндіруші ұйымы электр энергиясының шекті тарифтерін түзетуге өтінім берген. Сонымен қатар үш жаңа компания энергия өндіруші ұйымдар тізіміне кіру үшін тарифтерді белгілеу ұсынысын айтқан.

Министрдің бұйрығы 22 қаңтарға дейін талқылау үшін "Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына" жарияланды. Бұйрық жобасында энергия өндіруші ұйымдардың көпшілік топтары үшін шекті тарифтерді көтеру көзделген. Құжатта тек топтар көрсетілген. Ал осы топтарға сәйкес ұйымдардың атаулары Энергетика министрінің (05.12.2018 ж., № 476) бұйрығымен берілген.


Бірыңғай сатып алушы үшін электр энергиясының құнының өсуі кВт/сағ үшін шамамен 2 теңге болуы мүмкін. Энергия өндіруші ұйымдар тізіміне үш жаңа кәсіпорынды енгізу жоспарланып отыр. Бірақ олардың атаулары көрсетілмеген.

Тарифтерді көтеруге не әсер етті

Жалақының өсуі. 2024 жылы орташа жалақы 18% өсіп, 425 мың теңге болды. 2025 жылы одан әрі 15-20%-ға, 490 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.

"Жалақыны көтеру білікті кадрларды тартуға және сақтауға бағытталған", – делінген бұйрық жобасында.

Кадр тапшылығы. 2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша энергетика саласында 52,5 мың қызметкер жұмыс істеді. Оның штаттық деңгейі 57 мың, бұл 4,5 мың маман тапшылығын тудырып отыр.

Жанармай мен материалдар бағасының өсуі. Көмірдің, газдың және оларды тасымалдаудың, металл және жөндеу жабдықтарының қымбаттауы шығындардың өсуінің негізгі факторлары болды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Тәжікстанмен электр энергетикасы саласында Рогун су электр станциясынан электр энергиясын сатып алуды көздейтін 20 жылдық келісімге қол қоятыны туралы жазған едік.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары