KZNews.kz
Жолдау

Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық елге айналуы тиіс - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Ayzhan Sylanova
Фото: gov.kz

Президенттің пікірінше, жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне төтеп беру үшін Қазақстан міндетті түрде заманауи технологияларды толыққанды енгізуі қажет.

«Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамға, әсіресе жастардың өмір салтына елеулі әсер етіп жатқанын атап өтті. Ол бұл үдерістен тыс қалу ел үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

 «Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады», — деді ол.

Президент Қазақстанның саяси және экономикалық реформаларына да тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары елдің саяси жүйесі айтарлықтай өзгеріп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығайған. Сонымен бірге инфрақұрылым мен өндірістік жобаларға қомақты инвестициялар салынып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қадамдар жасалуда.

«Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары