Мемлекет басшысының атынан Бибісара Асаубаеваға мемлекеттік награда табысталды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктестікке жаңа қадам жасады

Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктестікке жаңа қадам жасады
Фото: akorda.kz

Астанада елімізге ресми сапармен келген Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидзені салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Тәуелсіздік сарайындағы рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Үкіметінің басшысы бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды, деп хабарлайды kznews.kz.

Одан кейін өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы сенімді серіктесі ретінде Грузиямен қалыптасқан достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын айтты. Президенттің айтуынша, екі елді тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылықтар және халықтар арасындағы берік байланыс біріктіреді.

Мемлекет басшысы бүгін қабылданған Қазақстан мен Грузия арасындағы стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция құйған және бұл елдегі ірі инвесторлардың бірі саналады. Сондай-ақ Қазақстан Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық серіктестікті нақты жобалармен толықтыру үшін энергетика, инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да бағыттарды қамтитын арнайы «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.

Келіссөз барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар контейнерлік тасымалды арттыру, тарифтік саясатты үйлестіру және көлік дәлізін цифрландыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы жүк тасымалы 3,5 есе өссе, 2029 жылға қарай бұл бағыттағы контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде.

Президент Қазақстанның Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз порттарына шығуға қызығушылық танытып отырғанын айтты. Сонымен қатар Поти портындағы жаңа мультимодальді терминал мен Анаклия портының әлеуеті өңірлік байланыстарды күшейтуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Келіссөздерде цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық та сөз болды. Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдері бойынша тәжірибе алмасуға дайын екенін растады. Қазақстан грузиялық стартаптар мен технологиялық компаниялардың Astana Hub экожүйесіне қатысуын қолдайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыт екенін айтып, мәдениет күндерін өткізуді ұсынды.

Келіссөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Сондай-ақ тараптар мәдениет, цифрлық даму және жасанды интеллект, сондай-ақ туризм салаларындағы ынтымақтастық туралы үш ведомствоаралық меморандуммен алмасты.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.