Қазақстан 2026 жылғы World Happiness Report әлемдік рейтингінде бақытты елдер қатарында 33-орынға шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Биыл Қазақстан бұл рейтингте былтырмен салыстырғанда 10 орынға жоғарылаған. 147 елдің ішінде Қазақстан 6,633 балл жинап, Франция (35-орын), Сингапур (36-орын) және Италияны (38-орын) артқа тастады. Орталық Азия мен ТМД елдері арасында Қазақстан бірінші орынға шықты. Көршілері Өзбекстан мен Қырғызстан сәйкесінше 53 және 66-орында тұр.
Қазақстанның рейтингте көтерілуіне басты себеп – "әлеуметтік қолдау" категориясындағы жоғары көрсеткіш. Ел бұл бөлімде әлемде 4-орынға шықты. Яғни, қазақстандықтар қиын кезде жақындарынан немесе қоғамнан көмек ала алатынына сенімді. Қазақстан адамдардың жомарттығы бойынша да алда – әлемде 29-орында, яғни елде қайырымдылық жақсы дамыған.
Дегенмен, Қазақстанда әлі де шешілмеген мәселелер бар. Сыбайлас жемқорлық деңгейі 74-орында. Ал адамдардың сау өмір сүру ұзақтығы 77-орында. Рейтингте бірінші орынды әлі де Финляндия иеленіп отыр, ал ең төменгі көрсеткіштерді ұзаққа созылған қақтығыстар мен экономикалық қиындықтар салдарынан Ауғанстан мен Ливан алған.
Биылға есепте ғалымдар сонымен қатар әлеуметтік желілердің де бақытқа әсеріне ерекше назар аударды. Зерттеу көрсеткендей, күнде бір сағаттан аз интернет қолданатын адамдар ең бақытты. Ал TikTok пен Instagram-да көп уақыт өткізетін жастардың өмір сапасы төмендейді. Қазақстанда 25 жасқа дейінгі жастар экранда күніне 2,5 сағаттан артық отырса, олардың бақыт деңгейі азаяды.
Ғалымдар бақыт үшін интернет пен нақты өмір арасындағы теңгерім маңызды дейді. Мессенджерлер достармен байланысуға көмектеседі. Ал шексіз жаңалықтар мен көңіл көтеретін контент көңіл-күйді төмендетіп, депрессияны арттыруы мүмкін. Қазақстан сияқты жас елдер үшін осы “цифрлық қауіптерді басқару” әлеуметтік оптимизмді сақтау үшін өте маңызды.