KZNews.kz
Білім

Қазақша өлең: Айбек Бестенқұлов (Мұғалім махаббатым)

KZNEWS


Бұл өмірге сен ерте мен кеш келдім
Сезімнің құдіретін енді ескердім
Кеткеніңе қайтейін бой ұсындым
Қатарынан болсам да көнбестердің

Сен дей алмай мен саған сіз дейтінмін
Сәл көрмесем сағынып іздейтінмін
Жігітіңнің білгенмін бар екенін
Үмітімді сонда да үзбейтінмін

Ол кезде жас едіңіз күмәні мың
Сезбеген сезімімнің шын анығын
Ішімнен айтқан кезде махаббатым
Сыртымнан айтқан кезде мұғалімім

Едік қой әңгімені күліп бастар
Жанымды түсінбейді шын ұқпастар
Әлі есімде өлердей ұялған күн
Сырымды біліп қойып сыныптастар

Сәтсіздік пе өзгермес бәлкім ол заң
Қызғаныштың қымбаттау нарқы болған
Мен өзіңді шығарып салар күні
Жігітің қарсы алатын жарты жолдан

Содан бері өзімді келем алдап
Бәрібір сол сезімді көрем ардақ
Қиялы бар ақының отыр міне
Күйеуі бар аруға өлең арнап

Ал қазір ше күйеуің, балаң бар ма?
Шаң қаптырып кеттіңдер шарам бар ма?!
Жасқа қарамайтынын махаббаттың
Сонда да айта жүрші адамдарға...


KZNEWS
Автордың басқа материалдары