«Қазақмыс» компаниясының «Нұрқазған» кенішінде конвейер операторларын өндірістік қауіптен қорғайтын жаңа кабина-капсулалар сынақтан өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Жоба компанияның Қауіпсіздік жылы аясында солтүстік порталдың өнеркәсіптік алаңында іске асырылды. Басты мақсат - өндірістік тәуекелдерді төмендетіп, жұмысшылардың қорғалу деңгейін арттыру.
Оқшауланған қорғаныс құрылымынан тұратын кабина-капсуланың өлшемі - 2300х1800х1500 мм. Ол жұмысшыны сыртқы факторлардан, әсіресе шаң мен шудан қорғайды. Сондай-ақ тау-кен массасының кесектері құлаған жағдайда жарақат алу қаупінің алдын алады. Мұнда адам денсаулығына ерекше назар аударылған. Кабина саңылаусыз болғандықтан, оператор ішінде респираторлық маскасыз отыра алады. Бұл тыныс алу органдарына түсетін жүктемені азайтып, ауысым бойы жайлы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Сынақ қорытындысы кабинаның шынайы өндірістік ортада тиімді екенін көрсетті. Жұмыс орнындағы санитарлық-гигиеналық жағдай жақсарып, жарақат алу ықтималдығы айтарлықтай төмендеген. Жақын арада бұл жаңалықты басқа да учаскелерге кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру - «Қазақмыстың» негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар тек технологияны жаңартып қана қоймай, ең алдымен адамдарға қамқорлық жасауды көздейді.