Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларында Наурыз мейрамына орай тұрғындар мен «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлері бас қосқан этноауыл құрылып, ондағы спорттық сайыстар мен үздік киіз үй байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мереке қарсаңында компания қос қаланың орталығында ұлттық мәдениет пен қонақжайлықты дәріптейтін он бір киіз үй тігіп, бұл орын негізгі алаңға айналды. Бағдарлама аясында кәсіпорын жұмысшылары мен қарапайым тұрғындардан құралған командалар ұлттық спорт түрлерінен бақ сынап, жалпы жүлде қоры үш миллион теңгені құрайтын жарысқа қатысты.
Мерекенің басты бөлігі саналатын «Қазақмыс» кәсіпорындары арасындағы ең таңдаулы киіз үйді анықтау байқауында Батыс Жезқазған кенішінің ұжымы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Мамандандырылған жөндеу және механикалық басқармасына бұйырса, үшінші орынды «Жомарт» кенішінің қызметкерлері жеңіп алды.
Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша «Жыланды», Оңтүстік және Шығыс Жезқазған кеніштері, Kazakhmys Maintenance Services, Kazakhmys Barlau, Жезқазған тарихи және археологиялық музейі, мыс балқыту зауыты мен байыту фабрикасының киіз үйлері марапатқа ие болды. Жарыс пен байқау қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен номинация иегерлеріне ақшалай сертификаттар табыс етілді.