«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС компанияның кәсіпорындарында жұмыс істейтін 38 медициналық пунктті қосымша жабдықтауға 100 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл шара медициналық пункттердің өндірістік нысандарда жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайындығын арттыруға бағытталған. Бүгінгі таңда қажетті жабдықтың негізгі көлемі жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бағдарлама аясында медициналық пункттер жұмыскерлердің жағдайын бастапқы бағалауға және оларға шұғыл көмек көрсетуге қажетті заманауи медициналық жабдықтармен толықты. Олардың қатарында портативті дефибриллятор, электрокардиография аппараты, оттегі баллоны, медициналық зембіл, иммобилизациялық шина, тасымалдауға арналған қалқан, күйікке қарсы жиынтық және басқа да қажетті құрал-жабдық бар.

Атап айтқанда, 35 дана ZOLL AED Plus портативті дефибрилляторы, 35 дана COMEN ЭКГ аппараты, 20 тасымалдау қалқаны, 52 жиынтық иммобилизациялық шина және 37 күйікке қарсы жиынтық сатып алынды. Сонымен қатар 38 медициналық пункттің барлығы медициналық тоңазытқышпен қамтамасыз етілді.
Медициналық пункттер өндірістік нысанның ерекшелігі мен шұғыл медициналық көмек көрсету талабын ескере отырып, бірыңғай стандарт бойынша жабдықталуда. Бұл тәсіл компанияның кәсіпорындарындағы медициналық пункттердің жабдықталу деңгейін біріздендіріп, түрлі төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету үшін қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Медициналық пункттерді білікті мамандармен қамтамасыз ету – жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Барлық бөлімшеде кәсіби медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Олар бейінді оқудан өтіп, шұғыл медициналық көмек көрсету дағдысын тұрақты түрде жетілдіріп отырады.
«Өндірістегі медицина қызметкерінің басты міндеті – үнемі қажетті көмекті жедел көрсетуге дайын болу. Төтенше жағдайда әр минут маңызды. Сондықтан дер кезінде әрекет ету маманның дайындығы мен өндіріс орнында қажетті жабдықтың қолжетімді болуына тікелей байланысты», – деді «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС директоры Дәурен Аманқұлов.

Медициналық пункттерді қосымша жабдықтау – Қазақмыстың жұмыскерлерге көрсетілетін медициналық көмекті дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. Компания медициналық пункттердің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жетілдіріп, материалдық-техникалық базасын жаңартып, өндірістік нысандарда көмек көрсетуге дайындығын арттырып келеді.