Бір ай бұрын Small дүкенінде сатып алушының орыс тілінде жауап беру талабына қарамастан, қазақ тілінде сабырлы сөйлескен қызметкер қыздың қызметі өскені хабарланды, деп жазады kznews.kz.
Әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінің жазуынша, желі қолданушыларының қолдауына ие болған бойжеткенге жаңа қызмет ұсынылған. Алайда оның нақты қандай лауазымға тағайындалғаны және ақпаратты компанияның өзі ресми түрде растаған-растамағаны әзірге белгісіз.
Оқиға шамамен бір ай бұрын болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода әйел дүкен қызметкерінен орыс тілінде жауап беруді талап еткен.
Қыз кассаның уақытша жұмыс істемей тұрғанын және жақын арада тағы бір кассир келетінін қазақ тілінде сабырмен түсіндірген. Алайда сатып алушы оның жауабына қанағаттанбай, орысша сөйлеуін бірнеше рет талап еткен.
Видео көп ұзамай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қолданушылардың басым бөлігі қызметкер қыздың сабырлылығы мен мемлекеттік тілде жауап бергенін қолдап, оған алғыс айтқан.
Енді желіде бойжеткеннің еңбегі еленіп, қызметтік сатыда жоғарылағаны туралы ақпарат тарап отыр. Дегенмен Small желісі бұл мәліметке қатысты әзірге ресми түсініктеме жариялаған жоқ.