Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты ресейлік және қырғыз боксшысы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы қазақ және қырғыз ұлттарының ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін кемсітетін сөздер айтқан Екатерина Биволға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресми хабарламаға сәйкес, сот Екатерина Биволды Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.3.1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Нәтижесінде ол 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді.
Айта кетейік, аталған іс 2025 жылдың қазан айында Telegram желісінде жарияланған бейнежазбаға байланысты қозғалған. Бұл материалды Ресей Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері тексерген.
Сараптамалық қорытындыға сәйкес, бейнежазбада қазақ және қырғыз ұлттарының ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін кемсітетін сөздер айтылған. Осыған байланысты Екатерина Биволға қатысты "ұлтаралық араздықты жария түрде қоздыру" дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Сондай-ақ 2025 жылы Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Дмитрий Бивол өз3 де бұрынғы әйелі Екатерина Биволға қарсы жала жабу дерегі бойынша сотта жеңіске жеткен еді.
Санкт-Петербург қаласындағы Смольнин аудандық соты Дмитрий Биволдың бұрынғы әйеліне қарсы берген азаматтық талабын қарады.
Онда шындыққа сәйкес келмейтін, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жалған деп тану және оларды теріске шығару туралы міндеттеу мәселесі көтерілген.
Сот спортшының жағына шығып, жауапкер таратқан мәліметтерді шындыққа жанаспайтын, талапкердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат деп таныды.
Осыған байланысты Екатерина Биволға өзіне тиесілі барлық сайттарда, әлеуметтік желідегі парақшаларында және мессенджерлердегі арналарында бұрын жарияланған ақпаратты теріске шығару міндеттелген.