Қазақстандық парфюмер Гүлжан Түзелбаева Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа арнап авторлық хош иіс әзірледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Парфюмердің айтуынша, ерекше композиция Қырғызстанның табиғатынан, әсіресе Ыстықкөлдің қайталанбас атмосферасынан шабыт алып жасалған. Иіссу құрамына көлдің саф ауасын, жергілікті өсімдіктер мен гүлдердің хош иісін еске түсіретін ноталар енгізілген.
Гүлжан Түзелбаева бұл жобаның өзі үшін ерекше мәні бар екенін айтады. Себебі оның анасы Ыстықкөл жағасындағы Ананьево ауылында дүниеге келіп, сол жерде өскен. Сондықтан бұл туындыны ол туған өлкенің табиғатына деген құрмет ретінде бағалайды.
«Мен – Францияда білім алған алғашқы қазақстандық парфюмермін», – дейді шебер.
Гүлжан Түзелбаева Қазақстанда өзінің Gulzhan Parfum атты нишалық парфюмерия брендімен танымал. Оның ең белгілі туындыларының бірі – Алматы қаласына арналған хош иіс. Бұл композицияда алматылық апорт алмасы мен қала раушандарының жұпар иісі үйлестірілген.
Қазіргі уақытта парфюмер Қырғызстанда жүр. Оның айтуынша, арнайы әзірленген парфюмді мемлекет басшысы Садыр Жапаровқа жеке табыстауды жоспарлап отыр.