KZNews.kz
Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев Руанда Президентімен келіссөз жүргізді

Ілияс Тұрсынхан
фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Руанда Президенті Поль Кагамемен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Руанда көшбасшысының Қазақстанға жасаған сапарын тарихи деп атап, екі ел арасындағы қатынастардың жаңа кезеңін ашатынын айтты.

– Бұл сапар мен алда өтетін келіссөздердің екіжақты ынтымақтастығымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Руандаға өте оң көзқараспен қараймыз. Елдеріңіз соңғы жылдары айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізді. Қазақстан өз аймағында ІЖӨ көлемі, IT технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту бойынша көш бастап тұр. Бұл – өзара тиімді ынтымақтастығымыз үшін басым бағыттар. Сондықтан сіздің сапаңызға зор мән беріп отырмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Поль Кагаме жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екенін жеткізді.

– Қазақстанға келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Бұл менің екінші сапарым – алғаш рет 2015 жылы келген едім. Біз сіз және сіздің командаңызбен бірге екі елдің игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға дайынбыз, – деді Руанда Президенті.

Акорда таратқан мәліметке сәйкес, тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларында қазақ-руандиялық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.

Ілияс Тұрсынхан
Автордың басқа материалдары