KZNews.kz
Шоу-бизнес

Қарақат Әбілдина ауызашарға қатысты сынға жауап берді

Дархан Тоқан
Фото: Бейнежазбадан кескін

Әнші Қарақат Әбілдина марқұм әкесінің рухына арнап ауызашар беріп, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Kznews.kz.

Әңгіме әншінің бұған дейінгі жазбасынан басталған. Қарақат Әбілдина әкесінің өмірден өткеніне 20 жылға жуық уақыт болғанын айтып, Рамазан айында дастархан жайып, Құран бағыштағанын айтқан.

"Әкем тірі болса, биыл тоқсанның төріне шығар еді. Тағдырдың жазуымен бақилық болғанына 20 жылдың жүзі болыпты… Әке… Осы бір ауыз сөздің өзінде тұтас бір ғұмыр сыйып кетеді.
“Әке - асқар тау” дейді халық. Жанында жүргенде биігін сезе қоймайсың. Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын асқақтай түседі екен. Қазір ортамызда болмаса да, әкеміздің қалдырған өшпес ізі, ісімен көрсеткен тәрбиесі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Бүгін әкемізді еске алып, Қыдекең екеуміз ақ дастарханымызды жайып, ауызашар бердік. Ауызашарға келген әр қонағымыз қол жайып, “Әумин!” деді. Алла разы болсын! Оқылған Құранымыз қабыл болсын! Жатқан жеріңіз жарық, жаныңыз жәннатта болсын, Жан Әке!", - деді әнші.

Айтуынша, әкесіне арналған ауызашарға өнердегі әріптестері мен Бекболат Тілеухан да барған. Дастархан басында Алтынай Жорабаева бастаған әншілер ән айтып, кей қонақтарға шапан жабылғаны да жазылды.

Дәл осы тұс желі қолданушыларының наразылығын күшейткен. Кейбірі еске алу дастарханының «той секілді» өткенін айтып, түрлі пікір қалдырған.

"Бұл не сұмдық той емес қой", "Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді", "Еске алудан да шоу жасайтын болған", "Ақшасын қайда шашарын білмеген", "Ас бергенде домбырамен өнер көрсететін болған ба", "Құран қайсы, той қайсы", "Ас емес дискотека", "Еске алу концерті", деді олар.

Осы хейттен кейін Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында өзін сөз еткендерге жауап беріп, сабыр сақтауға шақырған.

"Сен жайлы ғайбат айтылса - ренжіме. Себебі адамдар сөзімен сынайды, ал Алла ниетпен өлшейді. Арттан айтылған әрбір сөз сенің емес, айтқанның мойнындағы аманат. Егер сен үнсіз сабыр етсең, Раббың сен үшін әділ үкім береді. Ғайбат сені төмендетпейді, егер жүрегің таза болса. Керісінше, ол саған - сауап, ал айтқанға - ауыр жүк", - деп жазды ол.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →