KZNews.kz
Қоғам

“Қарапайым киім”: Миллион теңгенің киімімен халық алдына шыққан әкім сынға жауап берді

Ayzhan Sylanova

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желіде қымбат киім киді деген сынға жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.

Өңір басшысы өз парақшасында бұл мәселеге жеке тоқталып, мемлекеттік қызметке бизнес саласынан келгенін атап өтті.

«Қоғам адамды ісімен және атқарған жұмысына қарап бағалайды деп ойлайтынмын. Бірақ соңғы күндері менің киімім талқыланып жатыр екен. Мемлекеттік қызметке келмей тұрып, жағдайы қалыптасқан адам болғанымды жасырмаймын. 40 жастан асқанға дейін 15 жылдан аса өз кәсібіммен айналысып, бірнеше отандық және шетелдік банктердің басқару құрамында еңбек еттім», – деді Байханов.

Әкім киім таңдауда брендке емес, ыңғайлылыққа мән беретінін жеткізді.

«Мен үшін бастысы – қарапайым әрі қолайлы киім. Гардеробымдағы заттардың көбін бірнеше жыл, кейбірін он жылдан бері қолданып жүрмін. Ал қызметте негізгі мақсатым – аймақ тұрғындарының тұрмысын жақсарту. Павлодар облысының әр азаматы өзіне ұнайтын дүниені еркін сатып ала алатындай жағдай болуы керек», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Байханов мемлекеттік қызметке 2020 жылы келгенін қоса атап өтті.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары