Қарағанды облысында бір моланың кімге тиесілі екені екі әулеттің арасына сызат түсіріп, мәселе дейін сотқа жетті. Бірі ол жерде анамыз жатыр десе, екіншісі дәл сол орынға әпкемізді жерледік деп отыр, деп хабарлайды Kznews.kz KTK арнасына сілтеме беріп.
Оқиғаға байланысты телеарна материалында қазақстандық Айгүл Жәмиенованың анасын бір жарым жыл бұрын ауыл зиратының шет жағынан жерлегені айтылады. Ескерткішті бірден орнатуға мүмкіндік болмаған соң, туыстарымен қабір орнын есте сақтап, бірнеше қазық қағып, айналасын таспамен белгілеп кеткен.
Алайда әйел өткен жазда қорымға қайта барған кезде күтпеген жағдайға тап болған. Айтуынша, белгіленген орында бөтен адамның қабірі пайда болған.
«Біз келгенде, ол жерде біреу бәрін тұрғызып, іргетасын құйып, қоршауын да орнатып қойыпты. Мен қатты шошыдым. Әрине, зиратты аралап көрдік, бірақ оның мәні жоқ, өйткені біздің мола қорымның шетінде еді», — дейді ол.
Айгүл Жәмиенова анасының дәл сол жерде жатқанын және мұны жерлеуге қатысқан туыстары да растайтынын алға тартады. Осы уәжін дәлелдеу үшін ол сотқа жүгінген.
«Мен ол жерде анам жатқанын нақты білемін. Әрине, егер олар басқа әйелге ескерткіш қойса, онда мен анамды еске алып, барып дұға оқитын жер таппай қаламын. Жай ғана барып тұратын орын болмайды», — дейді ол.
Алайда екінші отбасы да өз шындығы бар екені айтады. Телефон арқылы Қарағанды тұрғыны бұл жерге өз әпкесін жерлегенін мәлімдеген. Ер адамның сөзінше, жерлеу Айгүл Жәмиенова анасын қойғаннан кейін тура бір апта өткен соң болған, әрі ол апта сайын зиратқа барып, дұға оқып жүргендіктен, туысының осы жерде жатқанын анық біледі.
Жерлеу рәсімімен айналысатын қызметкерлер мұндай жағдайға алғаш рет кезіккенін айтып, дайын тұрған қабірдің үстінен қайта қазуға бармайтынын жеткізген. Олардың айтуынша, марқұмдардың рухынан именіп, мұндай әрекетке бару дұрыс емес.
Даудың неден шыққанына қатысты кәсіпкер Амангелді Жүнісов те пікір білдірген.
«Меніңше, клиенттердің бірі орынды шатастырып алған, я ұмытып қалған. Менің міндетім — моланы қазу, болды. Өкінішке қарай, есеп жүргізілмейді, себебі қызмет көрсететін әкімші жоқ», — деп түсіндірді кәсіпкер Амангелді Жүнісов.
Енді Айгүл Жәмиенова сот арқылы эксгумацияға қол жеткізуді көздеп отыр. Екінші тарап та қарсы емес. Екі отбасы да марқұмдардың нақты қай жерде жерленгенін анықтап, дауға нүкте қойғымыз келеді деген ұстанымда.