KZNews.kz
Аймақ

Қарағанды облысы су тасқыны кезеңіне дайындалуда

Асқар Алтайұлы
Фото: GOV.KZ

Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қабылданып жатқан шаралар су басу тәуекелдерін барынша төмендетуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды kznews.kz.

Бүгінгі күнге дейін жоспарлы және жоспардан тыс сипаттағы су тасқынына қарсы шамамен 132 іс-шара орындалды. Өңірде жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері мен үйінділер салынып, нығайтылды. Өзен арналарының су тасқыны қаупі жоғары 28 шақырымнан астам учаскесінде санация жүргізілді. Дренаждық және су бұру жүйелерінің 21 шақырымы тазартылды. Автомобиль жолдарының 54 учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды. Бұдан бөлек, елді мекендерден 604 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Дайындық жұмыстары Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық қызметтер және бейінді ведомстволардың қатысуымен жүргізілуде.

Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында жарылыс жұмыстарын жүргізуге арналған шарттар жасасу жалғасуда. Сонымен қатар материалдық-техникалық және қаржылық резервтер қалыптастырылып жатыр.

Ерекше бақылауда су басу қаупіне ұшырауы мүмкін 139 елді мекен, автомобиль және теміржолдардың 130 су тасқынына бейім учаскесі, сондай-ақ 217 су шаруашылығы нысаны тұр. Төтенше жағдайлар департаментінің мобильді топтары әкімдіктермен бірлесіп ықтимал қауіпті аумақтарды тұрақты түрде аралап, жағдайды зерделеуде.

Гидротехникалық құрылыстардағы ахуал да тұрақты бақылауда. Су ағынын реттеу үшін Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық ағызулар жүргізілуде.

Жалпы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты болып отыр. Облыс аумағында 30 гидрологиялық бекет жұмыс істейді, оның ішінде Балқаш көліндегі бекет те бар. Өзендер қысқы режимде, су деңгейі төмен. Шағын өзендердің бір бөлігі түбіне дейін қатып қалған.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →