«Қазгидромет» РМК 26 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялап, еліміздің басым бөлігінде қолайсыз метеорологиялық құбылыстар болатынын ескертті, деп хабарлайды kznews.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғады. Желдің екпіні 15-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Ең күрделі ауа райы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында күтіледі. Бұл өңірлерде нөсер жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр.
Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарында күн қатты ысиды. Түркістан облысында ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріледі.
Астанада түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Абай және Алматы облыстарының жекелеген аумақтарында өрт қаупі өте жоғары болады.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға, алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеруге шақырды.