«Әділет» партиясы Павлодарда өндіріс пен цифрлық экономиканы дамыту мәселелерін талқылады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қайтарылған активтер өңір тұрғындарының өмір сапасын қалай арттыруда?

Қайтарылған активтер өңір тұрғындарының өмір сапасын қалай арттыруда?
Фото: ашық дереккөздерден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен заңды айналып өтіп, шетелге шығарылған немесе заңсыз жолмен иемденілген қаражат пен мүлік мемлекет меншігіне қайтарылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге бағытталуда. Бұл жаңа Қазақстандағы әділеттілік қағидатының нақты көріністерінің біріне айналды.

Ал Премьер-Министр Олжас Бектеновтің басшылығымен Үкімет қайтарылған активтерді тиімді пайдаланудың тетіктерін күшейтіп, олардың халықтың өмір сапасын арттыруға және базалық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталуын жүйелі түрде қамтамасыз етіп отыр деуге болады. Мұндай пікірді еліміздегі экономистер мен саясаттанушылар да қуаттайды.

- Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкіметтің Әділетті Қазақстан құру бағытындағы саясатының нақты көрінісіне айналды. Заңнамалық рәсімдер мен қомақты қаржының ар жағында маңызды саяси мән жатыр. Яғни, мемлекет қоғамға тиесілі болуы тиіс ресурсты елдің дамуына қайта бағыттап отыр. Бұл әділеттілікке, жауапкершілікке және баршаға ортақ ережелерге негізделген жаңа қоғамдық келісімнің іске асуының көрінісі – дейді Қазақстан Халық дипломатиясы орталығының вице-президенті, саясаттанушы Виталий Колточник.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибе мұндай активтерді қайтарудың қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Ал Қазақстан бұл жұмысты арнайы заң, активтерді қайтарудың уәкілетті тетігі, арнаулы мемлекеттік қор және қайтарылған қаражатты нақты әлеуметтік нысандар мен жобаларға айналдыратын ауқымды бағдарлама арқылы біртұтас жүйеге келтірген. Заңның өзінде бұл жұмыс халықтың құқықтарын қалпына келтіру, әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсаттарымен байланыстырылған.

Жалпы, нәтиже нақты цифрлардан да көрінеді. Бүгінде елге 1,1 триллион теңгеден астам актив қайтарылды. Оның 617,7 миллиард теңгеден астамы республика бойынша бес жүзден астам нысан мен жобаны іске асыруға бағытталған.

Атап айтқанда, арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына елде ауыз сумен қамту жүйелері жаңғыртылып, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорт нысандары салынуда. Сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып жатыр. Яғни, қайтарылған қаражат жылдар бойы бюджет тапшылығына байланысты жүзеге аспай келген, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуда.

Айтпақшы, Еуразиялық саясат институтының басшысы Максим Крамаренко бұл жұмыстың жүйелі сипат алғанын атап өткен екен.

- Мұны бір реттік пиар науқаны деп қабылдамау керек. Қазір нақты механизм қалыптасты. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп активтерді елге қайтарып қана қоймай, оның нәтижесін халықтың күнделікті өмірінен көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – таза су келетін құбыр, ауылдағы медициналық пункттегі дәрігер, жаңа мектептегі орын, ауладағы спорт залы немесе бұрын болмаған автобус бағыты болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, қаражаттың қай өңірлерге бағытталуы да маңызды. Қаржы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Абай облысына жұмсалуда. Осылайша қайтарылған активтер өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, қала мен ауыл арасындағы, сондай-ақ өңірлер арасындағы өмір сапасы алшақтығын азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаржының ең қомақты бөлігі – 226,5 миллиард теңге сумен жабдықтау жүйесін дамытуға бағытталған. Бұл қаражатқа 267 жоба жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысының 30-дан астам ауылындағы тұрғындар ауыз суға қол жеткізді. Абай облысында тұратын шамамен 20 мың ауыл тұрғыны сумен қамтылды. Ақмола облысының ондаған ауылына орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Алматының бес шағынауданында қор қаражатына су құбыры мен кәріз желілері салынды.

Денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға да 176,8 миллиард теңге бөлінді. Үкімет 190-нан астам жобаны мақұлдаған. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 200 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталды. Ақтауда жедел медициналық жәрдем станциясы іске қосылды. Бұдан бөлек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 145 нысан пайдалануға берілді.

Қостанай облысында ауылдық дәрігерлік амбулатория мен емхана ашылды. Арқалықтағы өңірлік аурухананы қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Елдің шығысында Гематология орталығы салынуда. Балқаш қаласының медициналық инфрақұрылымын дамытуға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.

Бұл жұмыстар медицина мамандары үшін де жаңа мүмкіндік қалыптастыруда. Өткен жылы медициналық жоғары оқу орындарын бітірген 10,5 мың түлектің 3,5 мыңы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.

Спорт инфрақұрылымын дамытуға қордан 67,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені салынды. Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион қайта жаңғыртылды. Елордадағы "Қазақстан" спорт сарайын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Білім беру саласына 64,4 миллиард теңге бағытталды. Абай, Ұлытау, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа білім беру нысандары бой көтерді. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға тағы 43 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты арнайы экономикалық аймақтардағы жаңа өндірістерді іске қосуға қажетті энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз етуге де жұмсалуда.

Жалпы, заңсыз иемденілген активтерді қайтаруды ресурстарды қоғамдық даму пайдасына қайта бөлудің нақты тетігі ретінде қарастыруға болады. Мұндай инвестицияның ерекшелігі оның әсері бір күндік емес екенінде. Салынған мектеп ондаған жыл бойы қызмет етеді, аурухана бірнеше буынға медициналық көмек көрсетеді, ал су, кәріз және энергетикалық инфрақұрылым тұтас елді мекендердің дамуына негіз болады.

Осылайша қайтарылған активтердің қаржылық нәтижесі біртіндеп нақты әлеуметтік тиімділікке айналып келеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.