Танымал тележүргізуші әрі журналист Ләйлә Сұлтанқызы «Ғашықпын саған» атты мелодрамадан алған әсерін айтып, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Threads әлеуметтік желісінде белсенділік танытып, оқырмандарымен кері байланыс жасап жүрген тележүргізуші 14 ақпанда Астана қаласында «Ғашықпын саған» фильміне баратынын айтып, оқырмандарын бірге тамашалауға шақырды.
— Ертең Астанада «Ғашықпын саған» фильміне барамын деп жоспарлап отырмын. Әзірге нешеде, қай залға барып көретінімді шешпедім. Билет алған кезде айтамын, жүріңіздер! Бірге өзіміз болып көрмедік пе?! — деді ол.
Фильмді көріп болғаннан кейін Ләйлә Сұлтанқызы алған әсерімен бөлісті. Айтуынша, басты рөлдегі қыздың жуынатын бөлмедегі эпизоды оған өз өміріндегі кейбір сәттерді еске салған.
— «Ғашықпын саған» фильміндегі қыздың ваннада отырып айғайлап жылайтын сәті қай-қайдағыны еске түсірді-ау! Қайрекең қайтқаннан кейін дәл осылай ваннаға тығылып, ішімдегіні суға айтып жылайтынмын. Сондағы ойым — ұлдарым көз жасымды көрмесін деп, қайғы-мұңымды көз жасым арқылы суға ағызып жіберсем, жеңілдеп қаламын деп ойлайтынмын, — деп жазды ол.
Айта кетейік, 5 ақпаннан бастап отандық кинотеатрларда режиссер Думан Еркімбек пен продюсер Жалын Тілеубергеннің «Ғашықпын саған» атты фильмі көрсетіле бастады. Фильмде оқуға келген студент Еңлік отбасы үшін жұмыс іздеп жүріп, күтпеген оқиғадан кейін оқудан шығарылады. Сол түні ол музыкант болуды таңдаған Арманмен танысады. Екеуінің жақындығы махаббатқа ұласады. Алайда үлкен қаланың сынағы мен өмірлік таңдау екі жасты қиын шешімге жетелейді.