Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында отбасы, ана рөлі және әйелдің ішкі еркіндігі туралы ой қозғап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол өз жазбасында тұрмыстағы тәжірибеден алынған мысал арқылы аналық рөлде жіберілетін қателіктер жайлы сөз етті. Тележүргізушінің айтуынша, кей аналар бала тәрбиесінде бар жауапкершілікті өз мойнына алып, олардың күн тәртібін шамадан тыс жүктеп қояды.
Жазбада балаларының мектептен бөлек түрлі үйірмелерге қатысып, күн сайын тынымсыз режимде жүргені айтылған. Бір сәтте балалардың шаршағанын байқаған отбасы мүшелері бұл жағдайға басқа қырынан қарауға мәжбүр болған. Осыдан кейін олардың күн тәртібіне өзгеріс енгізіліп, артық жүктемеден бас тартылған.
Ләйлә Сұлтанқызы сондай-ақ әйел адамның тұрмыс құрғаннан кейінгі ішкі өзгерісіне де назар аударды. Оның пайымынша, қыз кездегі еркіндік, ашықтық, батылдық уақыт өте келе ана мен жар рөліне бейімделу барысында өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Тележүргізуші бұл ойларын оқырмандарына сауал тастай отырып түйіндеді. Ол әйел өмірін түрлі рөлдермен байланыстыра келе, әр адамның өзін қай рөлде сезінетінін ой елегінен өткізуге шақырды.