Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлайым Рахмоноваға қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істі өндіріске қабылдап, алдын ала тыңдау күнін белгіледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Соттың мәліметінше, Рахмонова Гүлайым Сәрсенбекқызы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталуда. Алдын ала сот отырысы 2026 жылғы 16 ақпанда сағат 15:00-де өтеді. Іс қазақ тілінде қаралады.
Сонымен қатар сот айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын – елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхатты – өзгеріссіз қалдырды. Отырысқа айыпталушы мен жәбірленушілер шақырылады.
Гүлайым Рахмонова – қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы.
Еске салсақ, жол апаты 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы – Екатеринбург республикалық автожолының 299-шақырымында болған. Полицияның дерегінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік аударылған. Апат салдарынан екі әйел қаза тапты. Рахмонова мен оның ұлы ауруханаға жеткізіліп, жағдайлары орташа ауыр деп бағаланған.
Алғашында, 2025 жылдың тамызында, полиция Рахмонованы қорғау құқығы бар куә ретінде жауап алғанын хабарлаған. Қараша айында ІІМ өкілдері істің ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеген. Алайда 2026 жылғы 29 қаңтарда іс сотқа 345-баптың 4-бөлігі бойынша жолданғаны белгілі болды.
Аталған бап жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайға қатысты қолданылады. Санкциясы – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейін айыру.