Шымкентте 11 қаңтар күні пышақ жарақатынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың туған ағасы Сұлтан әлеуметтік желіде үн қатып, оқиғаға қатысты жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ағасының жазбасында отбасының қайғыдан қан жұтып отырғаны, күн сайын жаңалықтарды бақылап отырғаны айтылады. Сондай-ақ ол қолдау білдіріп жатқан жандарға алғыс айтып, қоғамның үн қосуы әділ шешімге ықпал етуі мүмкін екенін меңзеген. Жазба иесі бұл жағдайды жеке қайғы ғана емес, көпке сабақ болатын ауыр оқиға ретінде қабылдап отырғанын жеткізеді.
Сұлтанның сөзінше, қазір олардың қолынан келетіні – күдіктіге «максималды срок» сұрау. Ол елден оқиғаны кеңінен таратып, қоғамдық қолдау көрсетуді өтінген. Сонымен бірге «артық сөз айтуға болмайды» деп, кейін қарсы тараптың адвокаттары әр сөйлемнен «мін іздеуі» мүмкін екенін де ескерткен.
Марқұм Нұрайды ағасы «ең ақылды, сабырлы, тұйық, жуас қыз еді» деп сипаттайды. Оның айтуынша, қарындасы көп нәрсеге төзіп, өзіне жасалған қысымға да ұзақ уақыт үнсіз қалған. «Жоқ» деген сөзді түсінбеген адам соңына түсіп, сталкинг жасағанын да жазбасында атап өткен.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте болған, полиция қыздың қаза тапқанын растаған. Кейін құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басы анықталғанын, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция тараған ақпараттарға қатысты тек ресми дереккөздерге сенуге шақырып, тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жария етілмейтінін ескертеді.
Қайғылы жағдай қоғамда сталкинг, қоқан-лоқы, қауіпсіздік мәселесін көтерді.
Айта кетейік, осы оқиғаға қатысты марқұмның таныстары мен құрбылары да қыздың соңына түсу, қорқыту әрекеттері болғанын айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етті